Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылындағы орталық алаңда Қараспан және Бөржар ауылдық округтері өнерпаздарының қатысуымен «Ән – көңілдің ажары» атты мәдени кеш өтті. Ұлттық өнерді дәріптеуге, ауыл таланттарының шығармашылығын насихаттауға және аға буынға құрмет көрсетуге бағытталған шара мазмұнды мәдени бағдарламаға ұласты.
ҚАРИЯЛАР ТАРИХИ ЖӘДІГЕРЛЕРМЕН ТАНЫСТЫ
Мәдени кеш аясында Қараспан және Бөржар ауылдық округтерінің қариялары Қажымұқан музейін аралап, тарихи жәдігерлермен танысты. Музейге экскурсия барысында қатысушылар халқымыздың даңқты тұлғаларының өмірі мен мұрасын дәріптейтін құндылықтарға назар аударды.
Бұдан кейін ақсақалдар аудан әкімінің орынбасары Ілияс Тұрниязбен дастархан басында жүздесіп, ауылдардың тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелерді талқылады. Басқосуға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, ел ағалары мен ауыл ақсақалдары қатысты.
ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Кездесу барысында қариялар ауылдарды дамыту, елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуы және қоғамдық ортаға қатысты ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Аға буын өкілдері ауыл өмірін жақсартуға бағытталған бастамалардың маңызын атап өтіп, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Мұндай кездесулер тұрғындар мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы байланысты нығайтып, елді мекендердің дамуына қатысты ұсыныстарды талқылауға мүмкіндік береді.
ҰЛТТЫҚ ӨНЕР ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫН НЫҒАЙТТЫ
Кештің ашылуында аудан әкімінің орынбасары Ілияс Тұрнияз жиналған қауымды мәдени шарамен құттықтап, ұлттық өнердің қоғамдағы орны мен ұрпақтар сабақтастығын нығайтудағы маңызына тоқталды.
Мерекелік бағдарлама барысында Қараспан мен Бөржар ауылдық округтерінің өнерпаздары әсем ән шырқап, мың бұралған биімен көрермендердің ықыласына бөленді. Сахнаға шыққан ақ жаулықты аналар да әннен шашу шашып, кештің көркін кіргізді. Ән мен бидің үйлесімі көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ауыл өнерпаздарының шығармашылық қабілетін танытты.
ӨНЕР АРҚЫЛЫ ЫНТЫМАҚ БЕКИ ТҮСТІ
«Ән – көңілдің ажары» мәдени кеші ауыл өнерпаздарының басын қосып қана қоймай, Қараспан мен Бөржар ауылдық округтері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті. Сонымен қатар шара аға буынға құрмет көрсетіп, ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың және мәдени мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізудің жарқын үлгісіне айналды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі